«Имсталькон» акционерлік қоғамының бас директоры, «Құрмет» орденінің иегері Михаил РЕЗУНОВПЕН әңгіме
Желегін жамылып, желмен жарысып өскен Астананың сұлулық сәні мен бетінің әрі – «Бәйтерек». Астанаға алғаш атбасын бұрған қонақ қаланың бас мұнарасынан айналаға көз шалып, төңіректегі дүбірге бір сәт құлақ түріп, елтитіні бар. Алдымен, әрине, Президенттің Ақордасына зер салады! Үкімет Үйі, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің ғимараттары, Тәуелсіздік сарайы, Бейбітшілік және келісім сарайы Есіл өзеніне салынған көпір, «Астана-Арена» жабық футбол алаңы, Назарбаев Университет, концерт залы, теннис корты, Халықаралық әуежай... көз жеткен жердегі сәнді ғимараттар осылайша тізбектеледі.
Әрине, жас қаланың бұдан басқа да көкпен таласқан, салтанаты жарасқан ғимараттары баршылық. Алайда, жоғарыда біз тізімін жасаған ғимараттардың қабырғасын сом темірден қалап, уығын қадаған бір мекеме бар. Оның аты-жөні «Имсталькон» деп аталады. Бас офисі Алматыда жайғасқан.
– Михаил Михайлович, алдымен оқырманға өзіңіз басқарып отырған мекеменің «Имсталькон» аталуының мәнін түсіндіріп беріңізші?
– Оның ешқандай да мемлекеттік құпиясы жоқ, «Имсталькон» – «Металл құрылғыларын жасау мен құрастыру» деген ұзын сөздің қысқартылған түрі. Акционерлік қоғам 1991 жылы отау тікті. 1956 жылы негізін «Казстальконструкция» құрастыру тресі болып құрған мекеме, уақыт өте өзінің атауын да өзгертіп отырған. Осы орайда кәсіпорынның заман ағымына қарай тез түлеп, қайта құрылған кезі – Қазақстан Магниткасының жаңғыру кезеңімен байланысты екенін айта кеткен абзал деп ойлаймын.
Қазіргі таңда республика бойынша біздің 6 металл құрылғыларын жасайтын зауытымыз, 20 құрастыру бөлімшеміз, бір жобалау институты мен құрастыру зертханамыз бар. Дәл бүгінге дейін Отан игілігі үшін 6,5 миллион тонна металл құрылғыларын жасап шығарғанымыз – тарихи шындық.
– Металл бұйымдарын құрастырып құрылыс салу Қазақстанның құрылыс саласына кеш келген тәсіл десе бола ма?
– Жоқ. Себебі, Балқаш мыс қорыту комбинаты 1936 жылы салынды емес пе? Оның ғимараты осынау металл бұйымдарын құрастыру арқылы салынған. Бәлкім, сіз металл құрылғыларын жасау мен құрастырудың азаматтық құрылыста, мәселен, тұрғын үй салуда пайдалануы хақында айтқыңыз келген шығар?
– Бұрынғы кездерде расымен де тұрғын үйлер салуда металл құрылғылар мен темір бұйымдары пайдаланылмағаны рас қой?
– Рас айтасыз, өйткені бұрынғы кезде металл елімізде стратегиялық маңызы бар материал болып саналды. Алматы қаласы зілзала қаупі бар өңірде жатқанымен де, тұрғын үйлері кірпіштен, бетонға арматуралар қосу арқылы ғана салынды. Сол заманның өзінде Жапония 5 қабаттан жоғары салынатын үйлерге қауіпсіздігі үшін міндетті түрде металл қаңқаларын пайдаланды. Қазір Абай даңғылымен орталыққа қарай келе жатқаныңызда, оң жағыңызда – Жароков көшесі мен Гагарин даңғылының ортасындағы аумаққа зер салыңызшы, көкпен таласқан көп қабатты зәулім үйлер кешені сіз айтып отырған металл құрылғыларынан құрастырылып салынды.
– Қала жұрты мұны көптен байқап та жүр. Сәні өзгеше тұрғын үй ғимараттарын сіздің «Имсталькон» салып жатыр. Солай емес пе?
– Иә, Тәуелсіздік алған жылдары біздің елімізге шетелден құрылыс компаниялары көптеп келе бастады. Әсіресе, түрік компаниялары биік-биік тұрғын үйлер салуды бірінші болып бастады. Біздің байқағанымыз, олар металл бұйымдарымен құрастырып салуға оншалықты құлықты болмай шықты. Міне, біздің металл құрылғыларын азаматтық құрылысқа оңтайлап, соның ішінде тұрғын үй салуға пайдалана бастағанымыз да сол кезеңмен дөп келеді.
Кеңес Одағы құлаған соң республикадағы Ауыр құрылыс, Ауыл шаруашылығы құрылысы, Жол құрылысы министрліктері мен «Алматықұрылыс» бас басқармасын қосқанда барлығы 15-ке жуық трест бар еді, бәрі тарап кетті. Міне, сол кезде жағдайдың тым ауырлығына қарамастан, біз мекеменің негізін сақтап қалдық. Қазіргі таңда республика бойынша біздің ұйымда 7500 адам жұмыс істейді. Астана мен Алматыны қоспағанның өзінде Өскеменде, Ақтөбеде, Екібастұзда ірі-ірі құрылыс нысандарын салып жатырмыз. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі Қазақстандағы металл құрылғыларын жасау мен құрастыру арқылы құрылыс салудың 65 пайызы біздің үлесімізде.
– Еліміздің жүрегі – Астана туралы әңгімеге оралудың сәті туған секілді. Бас қаламызда қалдырған қолтаңбаларыңыз туралы айтып өтсеңіз.
– Бас қаламыздың көркін ашатын негізгі құрылыс ғимараттарының барлығында біздің қолтаңбамыз бар десем, өтірік айтпаймын. Соның ішінде, біз ең алдымен «Бәйтеректі» салғанымызды әрдайым мақтанышпен айтып отырамыз. Ал енді бұлардан тыс қаншама өндірістік нысандар салдық. Олардың қатарында «Қазақстан темір жолы» үшін локомотив жасайтын, электрпойыздар мен «Тальго» вагондарын жасайтын зауыт салуға негізгі кәсіби қызметімізге орай қосалқы мердігер болып атсалыстық. Астанадағы «Сарыарқаның» түбіндегі салынған үлкен көпір де біздің еншіміздегі құрылыс нысаны.
– «Имстальконның» Астанадағы ЭКСПО-2017 құрылысына қатысудағы үлес салмағы қандай?
– Жаңа теміржол бекеті құрылысы үшін барлығы 22 мың тонна металл бұйымдары құрылғыларын дайындадық. Ескі мен жаңа бекет арасындағы аспалы көпірге 7 мың тоннадай металл жұмсадық. «Базис» және «ВІ групп» компанияларымен бірігіп, Көрме павильонын, түріктің «Симбол» фирмасымен Конгресс орталығын салуды бастап жібердік. Жалпы есептегенде, бұл құрылыс ұйымдары арқылы ЭКСПО-2017 ғимараттарын салу үшін ғана біз 17 мың тонна металл құрылғыларын жұмсайды екенбіз.
– Әңгімеміздің басында сіз Қазақстан Магниткасының жаңғыру кезін компанияның қайта түлеген тұсы деп айтып қалдыңыз. Сол кезде сіз қандай қызмет атқарып едіңіз?
– Мен құрастырушыдан бастап, шебер, инженер, бас инженер қызметтерін атқардым.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та дәл сол тұста металлургияның қазаны қайнаған Теміртаудың түлегі болды ғой, ұшырасқан боларсыздар...
– Әрине, бірге отырып дастарқандас болмағанмен, өндірістік мәселелер бойынша жолымыз сан рет түйісті. Ол кісі ВТУЗ-ды менен екі-үш жыл бұрын бітірді. Н.Назарбаев қалалық партия комитетінің хатшысы қызметін атқарып жүргенде, мен басқарманың бас инженері едім. Қарағанды облысының хатшысы қызметінде жүргенде де өндірістік мәселелерге қатысты әлденеше рет жолыққанбыз.
– Сіз, Михаил Михайлович, өзіңіз айтқандай, әсем қала Астананың «Бәйтеректен» бастап қаншама құрылыс нысандарының бой көтеруіне күш-жігеріңізді жұмсадыңыз. Аталған әсем қаланың Бас сәулетшісі кім екенін өзіңіз де жақсы білесіз – сіздің теміртаулық жерлесіңіз, замандасыңыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Бұл үйлесімділікке өз басыңыз азамат ретінде қандай баға берер едіңіз?
– Басқасын былай қойғанда, халық үшін ең алдымен керегі – бейбітшілік пен тыныштық, өзара түсіністік пен келісім, тіл табысу! Қазақстанда ол бар. Мұның бәрі де елдегі Бірінші адамның сарқа жұмсаған күш-қуатының жемісі.
– Еліміздегі жаппай салынып жатқан құрылыстың хал-ахуалы сіздің сөз өлшемдеріңізбен салмақтап-саралап қарағанда, шын мәнінде ғажап! Әрі оған Астана мен Алматы және еліміздің басқа қалаларының бүгінгі келбеті бірден-бір айғақ...
– Бүгін Қазақстан мен оның желбіреген Көк Туы әлемнің талай-талай елдеріне жақсы таныс. Бұл Нұрсұлтан Әбішұлының мемлекет құрудағы негізгі саясатының қуаттылығында деп ойлаймын. Оның үстіне тағы бір қосып айтарым, қандай алпауыт шетелдік компаниямен бірлесе жұмыс атқарсақ та, біз сыртымызда ол кісінің тұрғанына, қолдаушымыздың мықтылығына сүйенеміз әрі сенеміз. Сондай сәттерде бойымызда батылдық қасиеттер пайда бола кетеді. Әрине, ол – Нұрсұлтан Әбішұлының арқасы!
– Михаил Михайлович, сонау 60-шы жылдары Қазақстанға Бряньскіден комсомолдық жолдамамен келген жас жігіт өмір жолын қайта бастар болса, оған түзетулер мен өзгерістер енгізер ме еді?
– Жоқ. Мен осы жүріп өткен жолымды қайтадан қалайтын едім. Өкінішім жоқ. Бала-шағам аяқтанған. Өздерімен өздері. Бәрі де осында, Қазақстанда тұрады. Туған Отанынан алысқа ұзағылары жоқ. Немерелерім де осындағы мектептерде білім алады. Тәрбиелеп өсірген ұрпағым үшін жұрт алдында ешқашан да қызарған емеспін. Өмірдің шынайы мәні де сонда жатқан жоқ па?!
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.